Бүгін, яғни қарашаның 14-і күні Қызылорда облыстық футбол федерациясының ресми түрде туған күні. Кеше осы тақырыпқа байланысты Сыр елінде аяқдоп өнерінің қалай пайда болып, қайдан бастау алғаны жайлы жазғанбыз. Бүгінгі шығарылымымызда оқырмандарды ұйымның жұмысымен, ішкі тыныс-тіршілігімен таныстыруды жөн көрген едік.
Қаланың ең биік ғимараты «Бастау» бизнес орталығында орналасқан Облыстық футбол федерациясы бүгінде ешкімге тәуелсіз, дербес ұйымға айналған. Аймақ аяқдобының даму барысын әрдайым жіті қадағалап, дұрыс жолға қойып отыратын аталмыш ұйымда таңнын атысынан күннің батысына дейін әрдайым жұмыс қызып тұрады.
— Иә, турнирлер кезінде сенбі мен жексенбі күндері де жұмыс істейтін кездеріміз болады – дейді Қызылорда облыстық футбол федерациясының Жарыстарды ұйымдастыру жөніндегі менеджері Анна Добренюк. —
Қызылорда облыстық футбол федерациясы ұстанған басты бағыттардың бірі – балалар футболы. Федерация Президенті Нұржан Әлібаевтың тапсырмасымен соңғы екі жылда аймақта ұйымдастырылатын футбол турнирлерінің 70 пайызы балалар мен жасөспірімдерге арналып келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын жарыстардан Тимур Сегізбаевтың жүлдесі үшін өтетін турнирді, Әбіл Қалымбетовты еске алуға арналған доданы, әр жас аралығындағы біріншіліктерді айтуға болады. Сондай-ақ, соңғы екі жылдан бері балғын балалардың қуанышына айналған футболдан балалар фестивалі сынды бәсекені де осы қатарға қосуға болады.
Қызылорда облыстық футбол федерациясының ұстанған тағы бір бағыты – футбол инфрақұрылымын дамыту. Осыған байланысты Аймақтағы футболды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, өткен жылдан бері қаламызда шағын футбол алаңдарын салу нықтап қолға алынған. Осылайша өткен жылы қаладағы №101 орта мектептің ауласында заманауи талапқа сай шағын футбол алаңы салынып, балалар футболының игілігіне берілді. Бұдан бөлек, Қазақ-түрік лицейінің ауласында да шағын футбол алаңының құрылысы басталды. Сондай-ақ, Илья Ильин атындағы саябақтағы футбол алаңының да қайта жөндеу жұмыстары өтіп, онда ала жаздай Шағын футбол лигасының ойындары ұйымдастырылды.
Салуатты өмір салтын қалыптастыруда бұқаралық футболдың атқарар рөлі өте зор. Осы орайда Қызылорда қаласында ұйымдастырылып жатқан Шағын футбол лигасы және Студенттер лигасы сынды жобаларды айтпай кетуге болмайды. Облыстық футбол федерациясының бастамасымен қолға алынған бұл жобалар қазір көпшіліктің қызығушылығын туғызған. Мәселен, Шағын футбол лигасының бірінші маусымына былтыр 15 команда қатысса, таяуда ғана аяқталған қысқы маусымында 23 команда өнер көрсетіп, турнирдің көркін қыздырды. Ал Шағын футбол лигасының дамығаны соншалық, жазғы маусымда 34 команда «А», «В» және «С» лигаларына бөлініп, мықтыларды анықтады. Енді алдағы уақытта Шағын футбол лигасында «D» тобы ашылып, командалар саны 50-ге жетіп жатса таңғалмаймыз.
Сондай-ақ, өткен жылдан бері Қызылорда қаласында Студенттер лигасы да қолға алынды. Өңірдегі 17 оқу орындарының студенттерін басын қосқан бұл турнирді де Облыстық білім басқармасымен бірлесіп, Қызылорда облыстық футбол федерациясы ұйымдастырып отыр. Әйтсе де, Федерацияның жоспарлары мұнымен шектелмейді. Мақсат – келешекте Қызылорда футболын еліміздің алдыңғы қатарлы аймақтарына шығару.
Иә, бүгінде Қызылорда облыстық футбол федерациясының бүгіндегі жұмыстары осындай. Дегенмен, бастама жемісін беру үшін уақыт қажет екені белгілі. Сондықтан, Облыстық футбол федерациясының бүгінгі игі жұмыстары алдағы жылдарда міндетті түрде өз жемісін береді деп сенеміз.
Ақмарал Төребаева, Қызылорда облыстық футбол федерациясының жауапты хатшысы:
— Қызылорда облыстық футбол федерациясының Президенті болып 2013 жылы облыс әкімінің орынбасары Әлібаев Нұржан Нұрмағамбетұлы сайланғалы бері аймағымызда аяқдопқа үлкен көңіл бөлініп келді. Айналдырған екі жылдың ішінде дербес, тәуелсіз үлкен ұйымға айналдық. Басты бағытымыз – жарыстарды ұйымдастыру, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, спорттық инфрақұрылымды жақсарту және жаттықтырушы мамандарды дайындау. Бүгінде Қызылорда облыстық футбол федерациясының атқарып жатқан жұмыстарына Қазақстан футбол федерациясы да өздерінің жоғары бағасын беріп, өзге аймақтардағы футбол қауымдастықтарға үлгі етіп көрсетуде. Жалпы, аймақтағы аяқдопты дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Бүгінде Қызылорда облыстық футбол федерация осы бағдарламаға сәйкес, өз жұмыстарын жалғастырып жатыр.