Жағдайың қалай, Сыр футболы?

  • 364 рет оқылды

Ертең, яғни қарашаның 14-і күні Қызылорда облыстық футбол федерациясының туған күні. Осы орайда Сыр елінде аяқдоп спорты қалай, қайдан бастау алғаны жайында оқырмандарды таныстыруды жөн көрген едік.

4

Соңғы кезде Сыр елінде футбол спорты жоғары қарқынмен дамып келеді. Кәсіпқой футболдағы командамызды айтпағанда әуесқой деңгейде де алға ілгерілеушілік анық байқалады. Балалар футболы оң жолға қойылып, инфрақұрылымға да үлкен көңіл бөлінуде.

Әлбетте, Сыр елінің футбол тарихы сонау тереңде жатыр. Тіпті, бейресми мұрағат көздерінде Қызылордаға аяқдоп сонау ХІХ ғасырда келгені туралы айтылады. Мәселен, қызылордалық журналист Әлібек Байшүленовтің былтыр «Кызылординские вести» газетіне жариялаған мақаласына сүйенсек, Сыр жерінде футбол алғаш Арал теңізінің маңында, Қазалы ауданында пайда болған екен. Спорттың бұл түрін осы өңірге ХІХ ғасырдың соңына таман Оренбург, Қазан, Орал губернияларының қоныс аударушылары әкелген көрінеді. Ал 1903 жылы Қазалыда Сыр елінің алғашқы теміржол бекеті салынды. Араға бір жыл өткенде мұндай бекет Қызылорда қаласында да пайда болды. Демек, бұл уақытта аймағымызда аяқдоп өнері кеңінен тарап үлгерді деп кесіп айтуға болады.

Алайда алғашқы шеберлер футбол командасы қаламызда 1968 жылы құрылған. Оның негізін қалаушы – Қазақстан компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің бірінші хатшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов. Хасан Шаяхметұлының қолға алуымен 1969 жылдың 14 маусымында Орталық стадион салынды. Оған дейін команда негізінен өз ойындарын «Локомотив» стадионында өткізетін.

IMG_0391

Иә, аймақтағы аяқдоптың қалай дамуы көп жағдайда Футбол қауымдастығының басшыларына тікелей байланысты болып келеді. Олардың футболға деген көзқарасы, қызығушылығы, іскерлігі – барлығын қосқанда спорттың осы түрінің болашағын айқындап отырады. Осы орайда облыстық футбол қауымдастығын басқарған басшыларды да атап өткеніміз жөн болар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап санағанда өңірде футбол қауымдастығының тағдыры Алексей Лапшин, Евгений Золотарев, Асылбек Ибраев, Қасым Имамбердиев, Марат Мумбаев, Бақыт Қалымбетов, Асқар Махамбетов, Марат Сабырбаев, Нұрлан Ұранхаев сынды тұлғалардың қолында болды. Ал 2013 жылдың мамыр айында аймақ футболында үлкен өзгерістер орын алып, Федерацияның жаңа Президенті қызметіне облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұрмағамбетұлы Әлібаев сайланды.

Бүгінде қаланың ең биік ғимараты «Бастау» бизнес орталығында орналасқан Облыстық футбол федерациясы ешкімге тәуелсіз, дербес ұйымға айналды. Аймақ аяқдобының даму барысын әрдайым жіті қадағалап, дұрыс жолға қойып отыратын аталмыш ұйымда таңнын атысынан күннің батысына дейін әрдайым жұмыс қызып тұрады. Балалар футболын дамыту, бұқаралық футболды қолға алып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту – осының барлығы Қызылорда облыстық футбол федерациясының басты мақсаттарының бірі. Осыдан екі жыл бұрын осыған байланысты Аймақтағы футболды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасы жасалды. Сол бағдарламаға сәйкес, Футбол федерациясының аясында өтіп жатқан турнирлердің 70 пайызы балалар мен жасөспірімдерге арналып, өңірде жыл сайын 10 шағын футбол алаңынан салу туралы шешім қабылданды. Міне, солардың алғашқы қарлығаштары да дайын. Өткен жылы №101 орта мектептің ауласында «ҚазГерМұнай» алаңы мен аймақ аяқдобының тарихында алғаш рет Жағажай футболының аренасы салынып, пайдалануға берілді. Жақында Илья Ильин демалыс бағы мен Қазақ-түрік лицейінің ауласындағы футбол алаңдарының да құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ, таяу болашақта Қызылорда облыстық футбол федерациясының қолға алуымен 3 мың адамға арналған манеж бен 12 мың көрерменге лайықталған стадионның да құрылысы бой көтермек. Бұлардан бөлек, облысымызда Шағын футбол лигасы мен Студенттер лигасы сынды салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жарыстар да бар.

Иә, бастамалары көпшіліктің көңілінен шығып, Қазақстан футбол федерациясының оң бағасын алып жатқан Қызылорда облыстық футбол федерациясының осындай нық қадамдарына қарап, аймақтағы аяқдоптың болашағына зор сеніммен қарауға болады.

 

Нұржан Әлібаев, Қызылорда облыстық футбол федерациясының президенті:

news1442808494

- Спорттың қай түрінде болмасын, ең негізгі тірек – инфрақұрылым болуы тиіс. Жаттығуына жағдай жасамай, футболшыдан, жалпы спортшыдан үлкен нәтиже талап ету әбестік. Сондықтан, біздің қазіргі мақсатымыз да – осы инфрақұрылымды жандандыру. Мысалға, Еуропа елдерінде әр 10 мың тұрғынға бір стадионнан келеді. Ал 250 мың халқы бар Қызылорда қаласында екі-ақ стадионның болуы, әлбетте өкінішті. Оның өзінде, Орталық стадионда тек «Қайсар» футбол клубы ойнап жүр. Ал жас аяқдопшылар «Локомотив» стадионында ғана доп тебуге мәжбүр. Сондықтан, футбол алаңдарын барынша көбейтуіміз керек. Бұл да біздің бағдарламамыздың басты бағыттарының бірі. Жағдай осылай екен деп қол қусырып отырған жоқпыз. Барлық аудан орталықтарындағы стадиондарға заман талаптарына сай жасанды шөп төсеп, трибуналары қайта қалпына келтірілді. Ал Арал мен Қармақшыда жаңадан стадион салынды. Соңғы 5 жылда облысымызда 320 шағын футбол алаңдары пайдалануға берілді.

МЕДИА

032 IMG_0391 4 news1442808494

Пікір қалдыру

(міндетті)

(міндетті емес)