Студенттер лигасының бірінші маусымы мәресіне жетті

  • 887 рет оқылды

    Сегіз айға созылған Студенттер лигасы мәресіне жетті. Кеше қаламыздағы «Евразия» спорт кешенінде жарыстың жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер толық марапатталды.

    Қызылорда қаласының оқу орындарын бір турнирге тоғытқан Студенттер лигасына барлығы 19 команда қатысқан. Турнир ұзақ, қыркүйек айында басталып, сегіз айға созылды. Сондықтан, орта жолда командалар саны екеуге қысқарып, жарыс 17 командамен аяқталды. Дегенмен, студенттердің барлығы Лиганың әр турынан ерекше ләззат алып, сенбі күндерін тағатсыздана күтті.

     Рас, студенттердің қатысуымен өтетін жарыстар көп, жетерлік. Дегенмен, оның барлығы қысқа мезеттік, бір-екі күнде, ары кетсе бір аптада аяқталатын жарыстар. Ал Қызылорда облыстық футбол федерациясы және облыстық Білім басқармасы ұйымдастыратын Студенттер лигасының ерекшелігі – ойындар әр апта сайын өтіп, турнир чемпионат ретінде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, әр турды әр оқу орны қабылдап отырды.

IMG_1302

Сонымен, 500-ден астам студент қатысқан жарыста бас жүлдені Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің футбол командасы жеңіп алды. Айболат Жүсіпов жетекшілік ететін Қорқыт Ата жігіттері барлық матчын жеңіспен аяқтап, 18 ойында 129 гол соққан. Екінші орын Агро-техникалық колледжге бұйырды. Лига барысында аталмыш колледждің командасы бар болғаны екі-ақ ойында жеңілістің кермек дәмін татқан. Ал үшінші орын иегері тек соңғы турда анықталды. Қола жүлдеге Асылбек Байымбетов бастаған Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің командасы мен Данияр Таңатаров бастаған Гуманитарлық-экономикалық колледжі үмітті болатын. Алайда соңғы турда Данияр Таңатаровтың командасы күтпеген жерден «Өркениет» медициналық колледжінен 4:6 есебімен жеңіліп қалды. Ал Мәншүк Мәметова колледжі қарсыласын аяған жоқ. Индустриалды-техникалық колледжімен кездескен болашақ педагогтар 12:0 есебімен ойсырата жеңді.

     Турнирдің жабылу салтанаты «Евразия» спорт кешенінде өтті. Он жеті команда алаңға шеру ретінде шығып, алдымен «Астана шоу» ансамблінің әсем биін тамашалады. Одан кейін алғашқы сөз Қызылорда облыстық футбол федерациясының Президенті Әлібаев Нұржан Нұрмағамбетұлына беріліп, аймақ аяқдобының басшысы бұл турнирдің мақсаты – студенттер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, оқу-орындары арасында ынтымақтастықты нығайту екендігін айтты.

IMG_1270

– 2014 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясы Ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Сол меморандум аясында оқу орындары арасында футболдан Студенттер ұлттық лигасын құру туралы шешім қабылданған. Қызылорда облыстық футбол федерациясы еліміздің аймақтарынан алғаш болып Студенттер лигасын қолға алып, өткен жылдың қыркүйек айы мен бүгінге дейін қаламыздағы оқу орындары арасында чемпионат өткізді. Барлығыңызды Студенттер лигасының алғашқы маусымының сәтті аяқталуымен құттықтаймын, – деді Нұржан Нұрмағамбетұлы.

     Алдымен жарысқа командаларын баптап дайындаған оқу орындарының мұғалімдері марапатталды. Одан кейін кезек жекелей номинация иегерлеріне жетіп, үздік қақпашы номинациясын Агро-техникалық колледжінің ойыншысы Диас Уәлихан иеленді. Үздік қорғаушы атағы Абылай хан атындағы колледжінің ойыншысы Дінмұхамед Тұрсынбековке бұйырса, үздік шабуылшы номинациясын Қазақ гуманитарлы-құқықтық колледжінің ойыншысы Нұрсұлтан Әбду жеңіп алды. Ал Қорқыт Ата университетінің саңлағы Дінмұхамед Асылбекұлы Студенттер лигасының үздік ойыншысы атанды.

     Енді төрт ай үзіліс алатын білімгерлер қыркүйек айында, жаңа оқу жылы басталысымен Студенттер лигасының екінші маусымын бастайтын болады.

IMG_1387

 Студенттер лигасында алғыс хатпен марапатталған командалардың жетекшілері:

1. Айболат Жүсіп (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті);

2. Қадыржан Ермаханов (Аграрлық-техникалық колледж);

3. Асылбек Байымбетов (Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледж);

4. Данияр Таңатаров (Гуманитарлы-экономикалық колледж);

5. Рүстем Тәжібаев (Көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледж);

6. Сержан Қоқыбасов (Гуманитарлы-құқықтық техникалық колледж);

7. Рахымжан Сералиев («Болашақ» колледжі);

8. Мерекебай Әбдешов (Абылай хан атындағы колледж);

9. Сәбит Тайжанов («Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты);

10. Серғазы Егізбаев (Индустриалды-техникалық колледж);

11. Шоқан Құнанбаев («Өркениет» медициналық колледжі);

12. Дамир Мамырайымов («Болашақ» медициналық колледж);

13. Әлиасқар Сыздықов (Политехникалық колледж);

14. Құрақбай Құдайбергенов (Құрылыс және бизнес колледжі);

15. Жандос Ноғайбаев (Қазанғап атындағы музыкалық колледж);

16. Самат Ділдәбаев (Көпсалалы колледж);

17. Әбдіқамал Мырхиев («Ұлағат-Қызылорда» колледджі);

18. Талғат Мақатов (Абылай хан атындағы колледж).

IMG_1450

сл таблица 18 тур

2 пікір

    • оркениеттен

      13.05.2015

      Оркениеттин упайы дурыс есептелмеген.34 упай болу керек жане 6 шы орында болуы керек.кгэк пен между встречи женгени ушин.жауап кутем.

      Reply
    • Қайрат

      26.05.2015

      неге кей команда 18 ойын ал кей команда 16 ойын барлыгы 17 ойын болып тур

      Reply

Пікір қалдыру

(міндетті)

(міндетті емес)