Шөкенов турнирін журналистер жеңді

  • 1,108 рет оқылды

   Қызылордада Камал Шөкеновты еске алуға арналған шағын футбол турнирі мәресіне жетті. Екі күн бойы «Евразия» спорт кешенін гүрілдеткен дүбірлі додада қалам мен микрофонға қоса теңбіл допты да серік еткен Сыр журналистері жеңіске жетті.

   Камал Шөкенов – облыс экономикасының дамуына өзіндік үлес қосқан Республикаға ардақты азамат, кәсібімен құрметке бөленген қаржыгер. Қаржы саласында 40 жылдан аса үздіксіз жұмыс атқарып, көптеген марапаттарға ие болған. Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік бюджетті орындаудағы жоғары көрсеткіші үшін «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Бұлардан бөлек, өмірінің соңына дейін футболдың нағыз жанашыры және жанкүйері болды. 2011 жылы 76 жасында дүниеден өтті.

    Міне, содан бері ұлы эстрада жұлдызы Батырхан Шөкеновтың мұрындық болуымен жыл сайын Қызылордада шағын футболдан облыстық турнирі ұйымдастырылып келеді. Биыл төртінші рет байрағын желбіреткен бәсекеге 10 команда қатысып, екі топқа бөлініп өнер көрсетті. Нәтижесінде финалға «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы мен Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жолдама алып, қаламгерлер қауымы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Үшінші орын Қармақшы ауданының қаржыгерлер құрамасының еншісінде.

edhlMNsw3cU

    Бұдан бөлек, турнирдің жекелей номиниациялары бойынша да үздіктер анықталды. «Үздік қақпашы» номинациясында Облыстық қазынашылық департаментінің кипері Жарас Смайлов марапатталса, «үздік қорғаушы» атағы Мәдияр Байшылықовқа (Қармақшы ауданы), «үздік шабуылшы» Мақсат Әбдікамаловқа (облыстық мемлекеттік кірістер департаменті) бұйырса, «Ең үздік ойыншы» болып «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының спорт журналисі Әділ Жақанов танылды.

     Турнирдің жабылу салтанатына Камал Шөкеновтың ұлы Бауыржан Шөкенов, шәкірті, Парламент мәжілісінің депутаты Құттықожа Ыдырысов, әріптесі, Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасын басқарған Айтмұханбет Құрманғалиев және Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Өмірзақ Елеусіновтер қатысып, жүлдегерлерді марапаттады. Ал турнирдің соңында қалың көрермен Батырхан Шөкеновтің концертін тамсана тамашалады.

 5458

Пікір қалдыру

(міндетті)

(міндетті емес)