Фейсбукшілер алғашқы жеңімпаздарын анықтады

  • 838 рет оқылды

    Фейсбукшілердің ауыспалы кубогы өте тартысты басталды. Бірінші аптасындағы ойын күніне барлығы жеті команда қатысып, кубоктың алғашқы иегері «Фокс» командасы атанды.

     Енді келесі аптада «Фокс» өз атағын қорғап қалуға тырысады. Әйтпесе, кубокты өзге командаға табыстауға мәжбүр болмақ.

фотография (14)

      Қызылорда облыстық футбол федерациясының мұрындық болуымен басталған Фейсбукшілердің ауыспалы кубогы бірден көпшіліктің зор қызығушылығын тудырып, алғашқы аптасында-ақ жеті команда жиналды. Бәрі де әр таптың өкілдері. Жанкүйерлерден бастап журналистер, мемлекеттік қызметкерлер, ақындар – бәрі-бәрі де жасыл алаңда тоғысып, бір сәт күйбең тірлікті ысырып тастап, доп қуалап асыр салды. Әлбетте, доданың мақсаты да осы. Яғни, бұқаралық футболды мейлінше, жан-жақты дамыту. Кубок әуесқойлар арасында ұйымдастырылып жатқандықтан көпшіліктің қызығушылығы да зор және кез-келген жан өз командасын жинап, додаға қатыса алады. Тіпті, командасы болмаған күннің өзінде жасыл алаңға белгіленген уақытта келсе болды, осы жерден қалаған командасына қосылуына мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтқанда, кез-келген адамға қол жетімді турнир.

       Сонымен, Ауыспалы кубоктың алғашқы аптасындағы ойын күніне жеті команда қатысты. Жеребе тасталып, олар бірден олимпиадалық жүйе бойынша өз қарсыластарын анықтады. Алғашқы болып алаңға шыққан жанкүйерлерден құралған «Сырдария-04» командасы Қажымұқан атындағы спорт мектебінің «Қажымұқан» командасымен кездесіп, 0:5 есебімен ойсырай ұтылса, айтыскер-ақындардың «Шабыт» командасы жанкүйерлердің «Мадрид» ұжымынан 3:1 есебімен басым түсті. Дегенмен, «Мадрид» те оңай шағылар жаңғақ емес екен, Бағлан Болатбеков бастаған марғасқалар ақындарға лайықты қарсылық танытып бақты. Бірақ Мұхтар Ниязов бастаған серкелер «ҚазГерМұнай» аренасында өздерін өте еркін сезініп, нәтижесінде жартылай финалға жаңылмай жолдама алды. Сол сияқты «Жастар.кз» командасы мен «Футбол федерациясы» арасындағы ойын да тартысты өтіп, жеңіс ҚОФФ футболшыларына бұйырды. Рас, «Жастар.кз» есепті теңестірген соң, енді есепті өз пайдаларына шешетіндей көрінген. Дегенмен, «Футбол федерациясы» тек соңғы сәтте ғана жеңіс голын соғып, жартылай финалдың жолдамасын жұлып алды. Ал журналистерден жиналған «Фокс» командасына жеребе жолдас болып, тілшілер қауымы жартылай финалға бірден ойынсыз өтті.

фотография (22)

     Жартылай финалға шыққан «Шабыт» пен «Қажымұқан» арасындағы кездесудің тағдырын матч соңындағы пенальти шешті. Иә, бастапқыда ақындар қақпаларына екі жылдам гол жіберіп алып, жағдайларын қиындатып алған. Әйтседе ойын соңына дейін таразы басын теңестіріп, пенальтиге дейін жетті. Дегенмен, бұл жолы жолдары болмады. Екінші жартылай финалда «Футбол федерациясына» өте азулы қарсылас тап келді. Журналистер әлі ойнамаған өте тың еді. Бірден шабуылға лап қойып, ҚОФФ қақпашысын әбден әбігерге салды. Алайда «Фокс» футболшылары екі мәрте есепте алға шыққанымен екеуінде де Футбол федерациясының таразы басын теңестіруге шамалары жетіп, жеңімпаз пенальти сериясында ғана анықталды. Пенальтиді лоторея деп бекер айтпаса керек, дода қожайындарының жолдары болмай, жеңіліп қалды.

      Үшінші орын. «Футбол феғдерациясы» да «Шабыт» кубоктан үміттерін үзген. Соған қарамастан екі жақ та жан алысып, жан берісіп, ақыры пенальтиде ақындар жеңіске жетті. Ал финалдың тағдырын бір ғана гол шешіп, журналистер сапындағы Әділ Жақановтың тура соққысы «Фокс» командасына жеңіс әперді.

      Енді Фейсбукшілердің ауыспалы кубогы екінші аптасындағы ойындарын келесі сенбі, яғни тамыздың 9-ы күні өткізеді. «Фокс» жеңімпаз атағын қорғап қала алар ма екен?

 фотография (40)

Фейсбукшілердің ауыспалы кубогы.

          Ширек финал:

«Сырдария-04» (Жанкүйерлер) – «Қажымұқан» (Қажымұқан спорт клубы) – 0:5

«Фокс» (Журналистер) – …. +-

«Мадрид» (Жанкүйерлер) – «Шабыт» (Ақындар) – 1:3

«Футбол федерациясы» (ҚОФФ) – «Жастар.кз» (Жастар одағы) – 2:1

         Жартылай финал:

«Қажымұқан» – «Шабыт» – 2:2, 2:1-пен.

«Футбол фед» – «Фокс» – 2:2, 1:2-пен

        Үшінші орын:

«Шабыт» – «Футбол фед» – 0:0, 3:2-пен

     Финал:

«Фокс» – «Қажымұқан» – 1:0

Үздіктер:

Үздік қақпашы – Жандос Мінәжаддинов (Қажымұқан)

Үздік қорғаушы – Бағлан Бекболатов (Мадрид)

Үздік шабуылшы – Мұхтар Ниязов (Шабыт)

Үздік ойыншы – Әділ Жақанов (Фокс)

Пікір қалдыру

(міндетті)

(міндетті емес)