Илья Ильин алаңының құрылысы басталып кетті (фотоесеп)

  • 876 рет оқылды

Қызылорда облыстық футбол федерациясының аймақтағы футбоды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, өңірде футбол алаңдарын салу құрылысы қарқынды басталып кетті. Сол бағдарламаның аясында бүгінде Илья Ильин атындағы балалар ойын саябағы да қайта қалпына келтірілуде. Бүгінде қайта құрылымдау жұмыстары қарқынды басталып кеткен алаңға барып, құрылыстың барысымен танысып қайтқан едік.

фотография (10)Саябаққа кіре беріс жақтың осылайша жабық тұрғанына бір апта болды. Бұрын кешқұрым бүлдіршіндерін ертіп осында жиналатын ата-аналар қазір сол бақтың қасында жаңадан ашылған шағын алаңқайда бас қосып жүр.

фотография (12)Бірінші ретте алаң артық нәрселерден толық тазартылып, жері тегістелетін болады.

фотография (1)Әзірге үш құрылысшы жүр. “Бірақ жақын күндері тағы бірнеше құрылысшы келеді”, – дейді  өзін Бақытбек деп таныстырған қызыл жейдедегі жігіт. Бақытбектің айтуынша, жақында бригадаға 15 адамдай қосылуы тиіс. Арасында сварщик, трактористер де бар.

фотография (9)Алаңқайда талдар көп. Артық нәрселерден тазалап тастаймыз дегендеріне қарап, ағаштарды аралап тастар ма екен деп қауіптенген едік, жоқ олай емес екен. Қоңырау шалып сөйлескенімізде бригаданың жетекішісі Руслан талдарға тиіспейтіндіктерін, ағаштардың көлеңкелерін максималды түрде пайдалануға тырысатындықтарын айтты.

фотография (4)Құлақта “наушник”, қолда бұрғылағыш. Күннің аптаған ыстығына қарамастан жігіттер жұмыстарын тоқтатар емес. Бұрын бұл жерде шағын футбол алаңы болатын. Бірақ жасыл газон емес, асфальттан. Әлбетте, тізесін жырып, аяғын жарақаттап алғандар көп болушы еді. Тіпті, ата-аналар балаларын бұл жерге жіберуден де қорқатын. Енді алаңға жасанды жасыл газон төселеді. Бақытбектің айтуынша, алдымен осылайша алаңды асфальттан тазалап алу керек. Сөйтіп топырақпен тапталады. Содан кейін ғана жасанды алаңды салуға болады.

фотография (11)Бірақ бұлар да робот емес қой. Оның үстіне, Қызылордада шаңқай түсте қолға күрек ұстау мүмкін емес. Сондықтан, жұмыстың қызатын уақыты таң әлекеуімнен күндізгі 12-ге дейін. Одан кейін бірер уақыт демалып алатын жігіттер күн қызуы басылған сәтте жұмыстарына қайта кіріседі. “Кеше, мәселен, шамды жағып қойып, түнгі 2-ге дейін жұмыс істедік”, – дейді пора-пора терін жейдесінің етегімен сүрткен Бақытбек.

фотографияАйтпақшы, кешке қарай үйге қайту деген жоқ. Қыркүйек айына дейін жігіттердің үйлері де, жайлары да мынау тапшан мен анау палатка. Осында қонады, осында түстенеді, осында жұмыстарын жүргізеді. “Кім біледі, қазір ешкімге сенім жоқ. Аппараттарымызды ұрлап кете ме деп қорқамыз” Сондықтан, осында жатамыз”, – дейді жұмысшылар.

фотография (10)1Ұмытып барады екенбіз, мердігер компания – “Бибісара” ЖШС. Жастардың жаргонымен айтқанда “проверенный” компания. Естеріңізде болса, 101 орта мектептің ауласына “ҚазГерМұнай” аренасын салып берген де осы – “Бибісара”. Жетекшісі Русланның айтуынша, Илья Ильин балалар ойын саябағының қайта құрылымдау жұмысы толығымен қыркүйек айында аяқталады. “Танымай қаласыздар”, – дейді Руслан.

Пікір қалдыру

(міндетті)

(міндетті емес)