“Кока-Кола – Былғары доп”. Қармақшы командасы Қарағандыға барады

  • 577 рет оқылды

Қармақшыда «Кока-Кола – Былғары доп» додасының орта жас топтары арасындағы облыстық финалы өтті. 2001-2002 жылғы жеткіншектер арасында ұйымдастырылған бұл турнирде дода қожайындары қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені жеңіп алды.

Қызылорда облыстық футбол федерациясының мұрындық болуымен өткен турнир өте жоғары деңгейде өтті. Қызылорда қаласы және аймақтың басқа жеті ауданы қатысқан турнир жалпы төрт күнге созылып, сегіз команда екі топқа бөлініп өнер көрсетті. Нәтижесінде жартылай финалға Қазалы, Қармақшы, Қызылорда және Арал командалары жолдама алды. Ал шектен тыс тартысты өткен финалда дода қожайындары Қармақшы 1:0 есебімен Қазалыдан басым түсті. Үшінші орын үшін өткен талас та қызықты болды. Екі команда ойын барысында өзара екі рет есеп теңестіріп, ақыры негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталды да, футболшылар пенальти сериясының жүгінді. Матч соңындағы «лотореяда» қалалықтардың жолы болып, «қола жүлде» Қызылорда командасына бұйырды.

Ал облыс чемпионы атанған Қармақшы ауданының футболшылары шілде айының 10-ы мен 18-і аралығында Қарағанды қаласында өтетін «Кока-Кола – Былғары доп» додасының финалдық кезеңіне қатысады.

Пікір қалдыру

(міндетті)

(міндетті емес)