“Петро Казақстан” чемпионы анықталды

  • 637 рет оқылды

Қызылорданың «Petro» спорт кешенінде шағын футболдан Petro Kazakhstan компаниясының дәстүрлі бесінші турнирі өтті. Аса тартысты өткен додада жеңімпаз тек пенальти сериясының қорытындысы бойынша ғана анықталып, бас жүлдені ЦУГ-ЦППН командасы жеңіп алды. 

        

Биыл бесінші рет ұйымдастырылған турнирге барлығы жеті команда қатысты. Атап айтсақ, ЦУГ-ЦППН біріккен командасы, КАМ, УМР, бас кеңсе, Жобалау тобы және ЦДНГ-1, ЦДНГ-2 ұжымдары. Алдымен екі топқа бөлінген командалар жартылай финалға жолдама алған төрт ұжымды анықтаған. Бірінші топтан УМР мен ЦДНГ-1 ұжымдары үздік шықса, екінші топта ЦУГ-ЦППН мен КАМ командаларына қарсылас табылмады.

 

Жартылай финалда Газды пайдаға жарату цехінің (ЦУГ-ЦППН) футболшылары Материалдық ресурстрар басқармасын (УМР) 5:2 есебімен тізе бүктірсе, екінші жұпта КАМ командасы Мұнай және газ өндіру цехінің (ЦДНГ-1) жігіттерін қапы қалдырды.

 

Айта кетейік, УМР командасы бұған дейін қатарынан бірнеше жыл турнирдің төрін бермей келе жатқан ұжым болатын. Жартылай финалда жаңылысып, финалға жолдама ала алмай қалуы, шынымен де көпшілікті таңғалдырды. Сөйтіп, үшінші орын үшін өткен кездесуде бар ашуын ЦДНГ-1 командасынан алып, қарсылас қақпасына жеті гол соқты. Қорытынды есеп – 7:3.

 

Ал финал тіптен тартысты өтті. Бұған дейін екі рет қатарынан финалда сүрінген ЦУГ-ЦППН командасы «ер кезегі үшке дейін» демекші биыл жеңіске біз жетеміз», – деп алаңға бар сайманын сайлап шығыпты. Ойынды бірден қарқынды бастады. Алайда, қарымта шабуылды тиімді пайдаланған КАМ футболшылары қорғаушылардың қателігін қалт жібермей, есепті ашып кетті. Артынша ЦУГ-ЦППН футболшылары таблодағы нәтижені теңестірген еді, КАМ капитаны Есенгелді Ерубаев командасын тағы да алға шығарды. Бұл кездесудің соңғы минуттары болатын. ЦУГ-ЦППН түбегейлі шабуылға көшті. КАМ қорғанысқа жантайып жатып алды. Оларға осы есеп те жеткілікті. Уақыт солардың пайдасына жүріп тұр. Кенет… КАМ қақпашысы допты айып алаңының сыртынан ұстап, төреші айып добын белгіледі. Оны әдемі орындаған ЦУГ шабуылшысы Медет Дүзбаев есепті теңестіріп, командасын жеңілістен құтқарып қалды. Сонымен, ойын да аяқталды. Ендігі кезек пенальтиде. «Лоторея» ЦУГ-ЦППН пайдасына шешіліп, 2:1 есебімен аяқталды. Жігіттердің қуанышында шек жоқ, кубок биыл ЦУГ-ЦППН футболшыларына бұйырды.

 

ТУРНИР ҮЗДІКТЕРІ:

1-орын: ЦУГ-ЦППН

2-орын: КАМ

3-орын: УМР

Үздік қақпашы – Андрей Харченко («Жобалау тобы» командасы)

Үздік қорғаушы – Ғани Абизов (ЦДНГ-1)

Үздік шабуылшы – Есенгелді Ерубаев (КАМ)

Үздік сұрмерген – Еркін Тобашев (УМР)

Үздік футболшы – Медет Дүзбаев (ЦУГ-ЦППН)

 

Болат Көшербаев, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Вице-президенті, Қызылорда облыстық футбол федерациясының Вице-президенті:

—     Бұл компаниямыздың ішкі турнирі ғана емес, Қызылорда облыстық футбол федерациясының аясында өтіп жатқан дода. Өздеріңіз де көріп жүрсіздер, қазір Сыр өңірінде футбол жан-жақты дамуда. Облыс басшылығы аяқдоп өнеріне өте жоғары көңіл бөліп жатыр. Жаңадан спорттық кешендер салынып, халықтың игілігіне берілуде. Яғни, ифрақұрылымға мұқият көңіл бөліп отырмыз. Бүгінгі додаға қатысқан футболшыларға да үлкен сенім артамын. Осындай жігіттердің арқасында облысымызда бұқаралық спорт та жан-жақты дамиды деп үміттенемін.

 

Нұрлан Ахметов, Турнирдің үйлестірушісі:

—     Турнирді жылда көктемге орайластырып өткізу компаниямыздың дәстүріне айналды. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіп тұрамыз. Меніңше, осындай додалардың арқасында бұқаралық футбол да кеңінен қанат жая бермек. Осы орайда облысымызда футболды жан-жақты дамытып, біз секілді футболсүйер қауымға қолдау көрсетіп отырған Қызылорда облыстық футбол федерациясына алғыс айтқым келеді.

фотография (10)

фотография (8)

фотография (9)

Пікір қалдыру

(міндетті)

(міндетті емес)