Сыр өңірі жағажай футболын да қолға алды

  • 545 рет оқылды

Биылдан бастап Сыр өңірі жағажай футболын мықтап қолға алатын болады. Алдымен инфрақұрылымға көңіл бөлініп, келесі жылдан бастап Қызылорданың командасы ел чемпионатына қатысады. Бұл туралы облыстық футбол федерациясы Атқару комитетінің мәжілісінде белгілі болды.

Қызылорда облыстық футбол федерациясының Президенті Нұржан Әлібаевтың басшылығымен өткен Атқару комитетінің алқақотан отырысы облыстық аяқдоп басшысының аймақтағы футбол алаңдарының құрылысы жайын баяндаумен басталды. Бұған дейін де айтылып жүргендей биыл Сыр өңірінде 10 шағын футбол алаңы салынады. Барлығының да жан-жағы қоршалып, сапасы да жоғары болады. 10 алаңның үшеуі қалаға салынса, қалған жетеуі аудандарда орын тебеді. Нұржан Нұрмағамбетұлы футбол алаңдарын салудың бірінші кезеңі басталып кеткенін айтып, қаладағы №101 мектептің ауласында алаңның құрылысы жүзеге аса бастағанын жеткізді.

Сонымен қатар, мәжіліс барысында аймақтағы жағажай футболының жағдайы да қарастырылды. Жалпы, биыл облыстан жағажай футболынан команда құрып, ел чемпионатына қатыстыру мәселесі, тіпті біріншіліктің бір турын Қызылордада қабылдау мүмкіндігі де талқыланған. Бірақ көпшіліктің шешімімен осы жылы алдымен спорттың осы түрінен инфрақұрылымды жетілдіріп алу қажеттігіне тоқтатылды. Соған байланысты биыл қалада 1 маусымға дейін жағажай футболынан заманауи арена салынып, жазда әр жаса аралығындағы командалар арасында қала біріншілігі, артынан облыс чемпионаты ұйымдастырылатын болып шешілді. Сол турнирлердің қорытындысы бойынша, облыстың намысын ел чемпионатында қорғайтын команда жасақталып, келесі жылғы Қазақстан чемпионатына дайындалатын болады.

Сонымен, Атқару комитетінің отырысында аймақтағы футболға байланысты тағы бірқатар мәселелер қарастырылып, Қызылорда облыстық футбол федерациясы қызметкерлерінің іс-сапарға шығу ережесі, жалпы жағдайы бекітілді.

фотография (5)

Пікір қалдыру

(міндетті)

(міндетті емес)