“Кока-Кола Былғары доп” Жаңақорғанның жеңісімен аяқталды

  • 482 рет оқылды

 Жаңақорған ауданында 1999-2000 жылғы жеткіншектер арасында футболдан «Кока-Кола-Былғары доп» додасының облыстық финалдық кезеңі өтті. Бес күнге созылған дүбірлі додаға әр ауданның үздік командалары қатысып, финалда Қазалы ауданын жеңген Жаңақорғанның жеткіншектері турнир жеңімпазы атанды.

Жалпы, «Кока-Кола-Былғары доп» турнирі елімізде 2006 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. 2012 жылы үлкен жас тобындағы Қазақстан чемпиондары Испания астанасы «Сантьяго Бернабеуде» өткен «Копа Кока-Кола» әлем чемпионатына қатысты. Өткен жылғы жеңімпаздар Оңтүстік Африка Республикасында өткен дүниежүзілік «Копа Кока-Кола» додасында бақтарын сынады. Ал биыл Қазақстан үздіктері Бразилияда өтетін әлем чемпионатын өз көздерімен тамашалап қайтуға мүмкіндік алады. Бүгінде әлемге әйгілі «Кока-Кола» компаниясы әлем чемпионатына 20 квота бөлген екен. Оның үшеуі Қазақстанға тиесілі. Яғни, елімізде өтіп жатқан «Былғары доп» додасында жеңіске жеткен команданың үш футболшысы Бразилиядағы Мундиальға баруға мүмкіндік алады.

Сол жолдамаларға талас бүгіннен басталып кетті. Биыл елімізде «Кока-Кола Былғары доп» додасына 5500-ден астам мектептің 400 мыңға жуық оқушылары қатысып жатыр. Кейбір аймақтарда облыс жеңімпаздары да белгілі. Мәселен, Қызылорданың Жаңақорған ауданында облыстық финалдық кезең өтіп, сегіз команда республикалық біріншілікке қатысуға мүмкіндік беретін жалғыз жолдамаға таласты.

фотография (2)

         Турнирге әр ауданның үздік командалары қатысты. Атап айтсақ, бес күнге созылған дүбірлі додада алаң иелері Жаңақорғаннан бөлек, Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі, Қармақшы, Байқоңыр аудандарымен қоса Қызылорда қаласының да үздік командасы өнер көрсетті. Ашылу салтанатына елімізге белгілі футболшы, кезінде Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болған, бүгінде «Қайсар» футбол клубының директоры міндетін атқарушы Руслан Балтиев қатысып, жеткіншектермен суретке түсіп, шат-шадыман болды.

—     Сіздер қазірден бастап алаңда өздеріңіздің барлық өнерлеріңізді көрсетулеріңіз керек. Болашақта сіздерді «Қайсар» футбол клубының негізгі құрамынан көруге қуаныштымын. Бірақ ол үшін бүгіннен бастап тынбай еңбектеніп, шеберліктеріңізді сәт сайын шыңдай берулеріңіз керек, – деп қосып өтті өз кезегінде Руслан Балтиев.

Сонымен, Жаңақорғанның көз сүйсінетін футбол алаңында өткен турнирдің финалына алаң иелері мен Қазалы ауданы шығып, тартысты өткен ойын 3:1 есебімен алғашқылардың жеңісімен аяқталды. Сондай-ақ, турнирге қатысуға соңғы сәтте ғана мүмкіндік алған Байқоңырдың да командасы қарымды екен. Жартылай финалға дейін жетіп, 3-орын үшін өткен текетіресте аралдықтардан 2:0 есебімен басым түсті.

Енді облыс чемпионы Жаңақорғанның жеткіншектері сәуірдің 28-і мен мамырдың 6-сы аралығында Таразда өтетін «Кока-Кола Былғары доп» додасының Республикалық финалдық кезеңіне қатысады. Ал егер ол жақта да қарсылас шақ келтірмесе, команданың үш мүшесі Бразилияда өтетін әлем чемпионатын өз көздерімен тамашалап қайтатын болады.

Пікір қалдыру

(міндетті)

(міндетті емес)